Колледж қызметі | Тәрбие жұмыстары | Отбасы тәрбиесі

Отбасы тәрбиесі

Жасөспірімдік шақ – адам дамуындағы өте қиын кезеңнің бірі. Дәл осы жеткіншек жаста тұлға болып қалыптасуға негіз болушы мінез құрылымы жүреді. Бұл жағдайлар баланы ересек болуға ұмтылдырады. Әке-шешенің басқаруынан, мұғалімдерінің қарамағынан тыс шығуға талпынатын шақ та осы жас. Сондықтан ата-аналар баламен шындап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай және көптеген бала өміріндегі жағдайларға көңіл қоя білуі керек. Осы орайда ДП-11Г оқу тобының тәлімгері Нұрғалиева Нұргүл «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» атты ата-анаардың қатысуымен тәрбие сағатын ұйымдастырды. Тәрбие сағаты барысында ата-аналарға балалары жайлы түрлі сауалдар қойылып пікір алысты. Ата-ана пікіріне оқытушылар да өз ойларын қосып, бала мәселесі жан-жақты талданды. Оқушылар концерттік нөмір дайындап, тәрбие сағаты соңында ата-аналарына алғысын білдірді.

Оқушылардың отбасындағы адамгершілік негіздерді игеруіне, отбасы қатынастары мәдениетін, ұлттық отбасы дәстүрлерін, толық отбасын құру үшін денсаулықтың бірегейлігі түсінігін қалыптастыруына, балаларына тәрбие ықпалдылығын қамтамасыз ету үшін ата-аналармен ынтымақтастық қатынас құруға, ата-аналардың өз міндетін табысты атқаруына ықпал ететін функционалдық сауаттылығын қалыптастыруына бағытталған отбасы тәрбиесі бағытында шаралар мазмұны мен түрлері сан алуан.

Сонымен қатар колледжде оқу жылының әр семестрінде дәстүрлі түрде ата-ана жиналыстары болып тұрады. Жиналыста ата-аналар балаларының оқу үлгерімі, тәртібі, сабаққа қатысуы, жетістіктері, қоғамдық өмірге араласуы жайлы мәліметтермен танысады. Колледждің ішкі тәртіп ережелері, оқу мен тәрбие үдерісі болып жатқан жаңалықтар жөнінде ақпараттар алады. Ата-аналарды толғандырып жүрген сұрақтары ортада талқыланып, колледж қызметіне қанағаттанушылығы жайында сауалнамалар алынады.

Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаға бейімделіп ер жетеді. Халқымыздың көрнекті ақын, ұстазы Мағжан Жұмабаевтың іліміне зер салсақ, адам баласы туралы былай дейді: «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, осал болып туады, ал малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, ісі жоқ.

Денесі тым әлсіз, өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінекей адам баласы осылай, өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды»,- деген екен.

Адамның рухани дүниетанымы мен физиологиялық тұрғыдан дамуы бала кезде және жеткіншек шағында қарқынды түрде өзгереді.Биологиялық және әлеуметтік фактордың адам психикасының дамуындағы маңызы зор. Бала дүниеге келгеннен бастап дамудың кезендерінен өте бастайды. Адамның өмірінде белгілі бір дамудың жалпы заңдылықтары қалыптасқан.

Әр бала өз ата-анасының физиологиялық және психоәлеуметтік көшірмесі. Ол бойындағы барлық нышандарды ата-анасынан тұқым қуалаушылық арқылы алады. Ал дүниеге келгеннен соң оның барлық психологиялық қасиеттері отбасындағы өмір барысында, ең алдымен, ата-анасының әсерімен дамиды, «ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам»,- деген болатын грек философы Эпиктет. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек баланың теріс қылықтары мен жаман әдеттерге құмарлануы күннен күнге артуда. Бүгінгі жасөспірімдердің қылмысқа бой алдырып жатқандығы жан қиналтады. Жастардың қатыгездікке, қылмысқа бой алдыруы заман проблемасына айналды.

Ата-аналардың өмірі көптеген қиыншылықтар мен уайымнан және балалары туралы шағымдардан тұрады.

Ата-аналардың балалары туралы жасайтын шағымдарын шартты түрде төрт топқа бөлуге болады:

1. Балаларымен байланыстарының болмауы: олардың қалай өмір сүретінін, неге қызығатынын түсінбеуі, балаларының сырласпауы, бірлесе отырып сөйлесудің, мәселені шешу жолдарын талдаудың мүмкінсіздігі, өзінің ата-аналық қажетсіздігін, сәбиінің бөтендігін сезінуі және т.с.с. Мұндай проблеманы клиенттерге «мен оны мүлдем түсінбеймін» немесе «Мен балам туралы ешнәрсе білмеймін, ол қайда барады, не істейді, достары кімдер» немесе «Ол маған өзі жайында ешнәрсе айтпайды, жоспарларымен бөліспейді, сенім білдірмейді» және осы секілді шағымдық әңгімелер тән.

2. Балаларының ата-аналарын сыйламаушылығы, менсінбеушілігі, оларға дөрекелік көрсетуі, тік мінездік қарым-қатынасы, олардың шамалы нәрсеге бола дау-дамай шығарып, шиеленіс жағдайлар туғызуы. Балаларымен мұндай қатынаста болатындардың шағымдары «Ол үнемі маған дөрекі сөйлейді», немесе «Ол менімен мүлдем санаспайды, үйде ешнәрсе істегісі келмейді, барлығын маған жүктеп қойып ешнәрсеге көмектеспейді», «Мені менсінбейді, сұрақтарыма тек мысқалдап жауап береді» секілді болады.

3. Ата-аналардың көзқарастары тұрғысында өмір сүріп, олардың айтқан ақылдарын орындап жүрмейтін балалары туралы байбалам. Көбіне бұл жерде ата-аналар өздерінің балаларын бақытсыз, адасқан, жолы болмайтын, жалғыз және т.б. сәтсіздікке ұшырап жүрген адам ретінде қабылдайды. Ата-ананың осы позициясы психологиялық кеңес алуға негіз болады. Шағымдар, әдетте, былайша сипатталады: «Менің балам музыкамен шұғылданғысы келмейді, барлық уақытын компьютер алдында өткізеді. Ол адамдармен сөйлесуді де ұмытып қалады ма деп қорқамын», «Менің ұлым мотоциклистермен қосылып алған, оқуы нашар болмаса да оның болашағына қауіптенемін. Айтқаныма көнбейді», «Менің қызымның күйеуімен қарым-қатынасы өте нашар, мен оған отбасылық қатынастарын жөндеуге көмектескім келеді, бірақ мұны қалай істеуімді білмеймін»немесе « Менің ұлым үш жыл оқыған институтын тастап кетті, енді оның болашағы қандай болатынына көзім жетпейді. Ол жаман жолға түсті ме деп қорқамын».

4. Балаларының стандартты емес, кейде ассоциалдық өзгермелі мінез-құлқымен байланысты проблемалар: «Менің ұлым қанғыбас болды. Ешқандай себепсіз үйден кетіп қалады да, бірнеше күн тентірегеннен соң үйге қайтып оралады. Ол оқуды да тастап кетті», «Менің қызым есірткі заттарын қолданады, оған қалай көмектесуге болады?», «Менің ұлым ұрлықпен айналысатын топтың мүшесі, не істеуіме болады?»Ата-аналардың шағымдары қандай болмасын психологтың бірінші міндеті, (егер, әрине, ата- ана баласымен бірлесіп психологқа келсе) проблемаларды шешу. Келген ата-аналардың шағымдары мен бағалары шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін анықтау, себебі, ата-аналар көп жағдайда ашылып, проблемасын дұрыс талдауға әрекет жасамайды. Сол себептен олардың ара-қатынастарының диагнозын қою қиын. Бұл үшін өте тиімді жол – нақты фактілерді жинау. Бәрінен бұрын қабылдауға келген ата-ана өз тарапынан қосымша сұрақтарсыз барлығын өзі айтып беру керек. Соның өзінде мәлімет толық және ақиқатқа сай келуі қиын, сондықтан психолог көптеген қосымша сұрақтардың көмегімен қажетті нәрселерді анықтайды. Аталған жағдайлардың барлығы отбасы өміріне үлкен әсерін тигізеді. Ата-ананың бала дамуы ерекшеліктері туралы білімі мен ол білімді пайдаланудағы біліктілігі бала дамуына зор ықпал етеді. Ол баланың психофизиологиялық дамуы мен үлкендермен қарым-қатынасында байқалады. Сондықтан әрбір ата-ана қажет етсін, етпесін ол – тәрбиеші. Тәрбиенің мақсаты мен мазмұнына қоғамдық мән бере білетін ата-аналар тәрбиеші ғана емес, педагог те бола білетін жандар.

Жас ұрпақты бар мейірімі мен күш жігерін сарп етіп, болашақ еліміздің тұтқасы болуына ата-ана еңбек етсе, болашақтың тізгінін ұстар, халықтың үмітін ақтар, дені сау, білімді де саналы ұрпақ өседі.

Дом №2
Дом №3
Дом №4
Дом №5
Дом №6

біз әлеуметтік желілердеміз: